ҚР АШМ: Биылғы астық көлемі өткен жылғы деңгейде болмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы жылғы астық көлемі өткен жылғы деңгейде болжанып отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаментінің директоры Ажар Қаджыбекова мәлім етті.
«Қазіргі кезде бұндай зерттеулер жүргізетін ғылыми-зерттеу институттары астық шығымдылығы өткен жылдың деңгейінде болатынын болжап отыр. Дегенмен де бұл климаттық жағдайға байланысты екені түсінікті. Астық экспорты бойынша бізде дәстүрлі нарықтар ашық және бүгінде оның бағыттарын кеңейтудеміз. Қазіргі кезде астықты жөнелту үшін Қытай мен Иран нарықтарын қарастырып жатырмыз. Биыл астық экспорты былтырғыға қарағанда едәуір артық болады»,-деді департамент директоры.
ҚР АШМ мәліметіне қарағанда, 2016 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы ауданы 21,6 млн. гектарды қамтымақ, оның ішінде 15,2 млн. гектарына астық дақылдары егіледі.