ҚР АШМ бойында дерті бар ірі қараға байланысты Австрияның ветеринарлық қызметін айыпты деп санайды

АСТАНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат - Австрияның ветеринарлық қызметі Қазақстан сатып алған ірі қара малдың арасында қоздырғыш вирустық диареясы бар жануарлар болуы мүмкін екенін қазақстандық тарапты ескертпеген. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті.

ҚР АШМ бойында дерті бар ірі қараға байланысты Австрияның ветеринарлық қызметін айыпты деп санайды

Оның сөзіне қарағанда, Солтүстік Қазақстан облысына жеткізілген 722 бас ірі қара Австрияның 400-ге жуық фермерлік шаруашылықтарынан жиналып елімізге тасымалданған. Соның ішінде аталған шаруашылықтардың бір бөлігі ірі қара малдың вирустық диареясы бойынша белгілі болған.

Сонымен қатар, өткен жылғы жаздың аяғында Австриядағы ірі қараны тексеру барысында жануарлардың 90 пайызына дейінгі көлемінің қанында Шмалленберг вирусына антиденелер табылған. Бұған қоса, аталған топтамада жеткізілген малдың арасында инфекциялық ринотрахеит жұқтырғандар анықталды.

Г. Исаеваның айтуынша, қазіргі кезде австриялық тарап қазақстандық зертханалардағы зерттеулердің нәтижесін мойындамай отыр. Сондықтан да материалдар зерттеу үшін Халықаралық эпизоотикалық бюроның референт-зертханаларына жеткізілген. Олар өз кезегінде қазақстандық ветеринарлар қойған диагнозды құптаған екен.