ҚР АШМ: Еліміздегі бірқатар элеваторлардың тозығы жеткен
АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздегі элеваторларға кең ауқымды тексеру жұмыстарын жүргізеді.
Бұл туралы бүгін брифинг барысында аталған министрлікке қарасты Агроөнеркәсіп кешенінің Мемлекеттік инспекциясы комитетінің төрағасы Сақташ Хасенов айтты.
«Өздеріңізге белгілі, осы кезеңде 221 лицензияланған элеватор 2012 жылдың жаңа астығын қабылдауға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Осыған орай ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешенінің Мемлекеттік инспекциясы комитеті дайындық іс-шаралары үдерісімен танысу үшін бірқатар нан қабылдайтын пункттерді тексеруді жоспарлап отыр. Жекелеген элеваторлардың материалдық-техникалық базасының ескіргендігін атап өткен орынды. Кейбір сыйымдылықтар қайта қалпына келтіруді талап етеді, техникалық жабдықтары жөндеуге келмейді әрі ауыстыру қажет», - деді комитет төрағасы.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, лицензияланған элеваторларда 8,3 млн. тонна сыйымдылық бар. Олардың 60 пайызында астық сақтаулы. Ал ауыл шаруашылығы тауларларын өндірушілерде 2,3 млн. тонна, шағын комбинаттарда шамамен 200 мың тонна астық тұр.