ҚР АШМ киіктерді қорғау бойынша жалпы қадамдарды әзірлеп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі киіктерді қорғау бойынша жалпы қадамдарды әзірлеп жатыр.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі киіктерді браконьерлерден қорғау, жануарлардын санын есепке алу және олардың көші-қонын мониторингілеу шараларын жүзеге асырады. Осы ретте ведомство тарапынан киіктерді қорғауды қамтамасыз ету тұрғысында заңнамалық шаралар қабылданды. Биылғы қаңтарда мемлекеттік органдармен бірлесе кеңес өткізіліп, оның қорытындысы бойынша киіктерді қорғау бағытында жалпы қадамдарды әзірлеуге негізделген хаттамалық шешім қабылданды», - деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚазАқпарат агенттігі сауалына жауап беру кезінде.
2015 жылы бұл бағытта Қазақстан және шетелдің ғылыми ұйымдары мен арнайы зертханалары киіктердің өткен жылғы қырылуы себебін анықтаумен айналысты. Осы орайда жануарлардың қырылуының мән-жайын анықтау бойынша негізгі үйлестіруші жұмыстарын ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты атқаруда.
«Бұл ретте киіктердің аурулары бойынша проблемаларды зерттеу, олардың қырылуы себебін анықтау және инфекциялық аурулардан жануарларды қорғау тұрғысындағы тиісті ұсыныстарды әзірлеу ҚР БҒМ құзыретінде», - делінген ведомство хабарламасында.