ҚР АШМ мал етінің экспорты қаншаға артатынын жариялады
АСТАНА. ҚазАқпарат -2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында ірі қара мал етінің экспорты 70 мың тоннаға жеткізіледі.
Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тақырыбында өткен кездесуде ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрi Қайрат Айтуғанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ішкі нарықты өніммен толықтыру мен отандық өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту бағытына тоқталған ол, «осы жоспарды іске асыру үшін қоспа жемнің өндірісін 2 есеге (1,2 млн. тоннадан 2,3 млн. тоннаға дейін), сулы жайылымдарды 1,4 есеге, асыл тұқымды малдың үлесін 1,5 есеге арттыру көзделген»,-деді.
Сонымен қатар Айтуғанов сүтті өңдеу көлемін 1,2 миллионнан 2,1 миллион тоннаға, құс етін 146 мыңнан 298 мың тоннаға, ірі қара етін өңдеу 416 мыңнан 500 мың тоннаға дейін, қой етін 144 мыңнан 161 мың тоннаға жеткізу жоспарланғанын жеткізді.
«Бұл бағыттағы жұмыстар ірі қара етінің эскпортын 6,5 мыңнан 70 мың тоннаға дейін артыруға, сондай-ақ қой етінің эскпортын 10 мың тоннаға дейін жеткізуге жол ашады. Бұдан бөлек, құс етінің импортын 161 мыңнан 110 мың тоннаға дейін төмендетеді»,- дейді бірінші вице-министр.