ҚР АШМ Ресейге заңсыз ет тасымалдануына қатысты түсініктеме берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ветеринарлық қызметінің жалған құжатымен Ресейге ет жөнелту фактісі анықталды. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы вице министрі Гүлнәр Исаева мәлім етті.

ҚР АШМ Ресейге заңсыз ет тасымалдануына қатысты түсініктеме берді

Оның атап өтуінше, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне Россельхознадзор мекемесінен хат келіп түскен. Онда ағымдағы жылдың 19 қыркүйегінде 42 тонна Бразилия шошқа етін тиеген екі көліктің ұсталынғаны айтылған. Қазақстандық «Modul Trans Company» ЖШС жөнелткен тауардың ілеспе ветеринарлық құжаты болмаған. Сәл кейінірек «Modul Trans Company» ЖШС өкілі ресейлік мекемеге Қазақстан ветеринарлық қызметі берген ветеринарлық анықтаманы ұсынған. Алайда, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті аталған құжаттың жалған екендігін анықтап отыр. «Дәл осындай оқиға ағымдағы жылдың 13 қазанында тіркелді. Ол кезде Самар облысында 233 тонна жүк тиеген, ресейлік мемлекеттік нөмірі бар 11 көлік ұсталды. Бұл жүк те ілеспе ветеринарлық құжатсыз болған», - деген вице-министр бұл жүкті де қазақстандық «Kazintersauda» ЖШС жібергендігін атап өтті. Оның атап өтуінше, жүк Орал қаласында орналасқан «Ақжайықплем» ЖШС қоймасындағы мұздатқышта сақталған. «Сондықтан да Россельхознадзор «Kazintersauda» және «Ақжайықплем» серіктестерінің өнімін Ресейге әкелуге тыйым салды», - деді Г.Исаева.