ҚР АШМ Шмалленберг вирусын КО елдері үшін қауіпті аурулар тізіміне енгізу бастамасын көтерді
Бұл туралы www.primeminister.kz сайтында мәлім етілді.
«Өздеріңіз де білесіздер, австриялық мал жеткізушілерден зардап шеккен бір ғана Қазақстан емес. Ресей Федерациясына да он күн айырмашылықпен Шмалленберг ауруын жұқтырған мал партиясы келіп түсті. Біз Мәскеуде Халықаралық эпизоотиялық бюросына (ХЭБ) осындай инфекцияларды аурулар тізіміне енгізуге бірлескен өтінімді дайындадық. Кедендік одақ елдері үшін қауіпті және экзотикалық ретінде мұндай ауруларды ХЭБ аурулар тізіміне енгізу қажетілігі бар», - дейді ведомствоның вице-министрі Гульмира Исаева.
Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылдың қыркүйегінде Солтүстік Қазақстан облысының «Леонов» шаруа қожалығы мен «Полтавское» ЖШС-не Австриядан 722 ірі қара мал басы әкелінген болатын. Карантиндік іс-шаралар өткізу барысында «Республикалық ветеринарлық зертхана» РММ және «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» ММ вирустық диарея мен Шмалленберг ауруының қоздырғышын анықтады. Анықталған диагнозға байланысты Австриядан әкелінген мал басын алынған төлімен қоса түгел жою туралы шешім қабылданған болатын.
Г.Исаеваның айтуынша, аурудың пайда болу себептері және оның адам денсаулығына әсері аяғына дейін зерттелмеген.