ҚР АШМ жауапты хатшысы сенаторлардың сынымен келіспейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы тиісті деңгейде жұмыс істемей жатыр деген уәжбен келіспейпін. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР АШМ-нің жауапты хатшысы Арман Евниев осылай деді.
«Министрлікте кәсіби емес мамандар жұмыс істейді деген пікірмен келіспеймін. Оны біз сы саладағы нақты көрсеткіштермен дәлелдеп келеміз», - деді жауапты хатшы.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада сенаторлар Ауыл шаруашылығы министрлігін сын тезіне алған болатын. Сенатор Светлана Жалмағамбетованың сөзіне қарағанда, шаруалардың мәселесі тиісті деңгейде шешілмейді және олардың уәждері ведомствоға жете бермейді. Сонымен қатар ол салада қордаланған мәселелер шаш-етектен екенін атап өтті. Осы орайда сенатор жаңа Премьер-Министрге мәселені салмақты түрде бақылауға алу керек екенін жеткізді. Агробизнес бағдарламасына жұмсалатын қаржыны қадағалауға алып, Елбасының ет экспортына қатысты тапсырмасын орындауға мән беру керектігін қадап айтты.