ҚР АШМ жергілікті ірі қара мал басын асылдандыру жұмысын қолға алады
АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанда жергілікті ірі қара мал басын асылдандыру жұмысы қолға алынады.
Бұл туралы бүгін мал азығын өндіру мәселесіне арналған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Асылжан Мамытбеков айтты.
«Біз енді шет елдерден мал әкелмейміз, жергілікті малмен жұмыс істейтін боламыз. Ірі қараны өнімділігі жоғары, сүтті сиырмен жұмыс істей алатын мықты шаруашылықтар ғана әкеледі. Негізінен, жергілікті ірі қараны жасанды ұрықтандыру арқылы асылдандыру жүргізілетін болады», - деді ол.
Сонымен қатар министр келесі жылы жем бағасы көтерілуі мүмкін деген болжамды алға тартты. «Өйткені жемге сұраныс артты, ал келесі жылы тағы да еселеп артатын болады. Жемнің азаюы салдарынан мал шаруашылығы құлдырап кетті дейтіндер де бар. Бұл олай емес. Егер де сұраныс болмаса жем шаруашылығы тиімсіз әрі рентабельдігі төмен іс болып саналады. Біздерде мал шаруашылығының өзгеруі салдарынан жем өндірісі құлдырап кеткен. Қазіргі уақыта жемге сұраныс пайда болды, мал шаруашылығы дамып келеді», - деді А.Мамытбеков.