ҚР Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік корабльдерін қысқы жүзуге дайындауда (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Каспийде алдағы қысқы кезеңге Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік корабльдерін дайындау жүргізілуде. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Төмен температура жағдайында корабльдердің жүзуі үшін оларды қысқы отынға ауыстыруды қажет етеді. Жанар-жағармай материалдары дайын. Шамамен 20 қарашадан бастап қысқы режімге көшу жоспарлануда. Сонымен қатар, қыс кезінде арқандап байлау, зәкірлік, палубалық құрылғылар, мұзды ойып алуға арналған керек-жарақтар әзірленуде», - делінген хабарламада.
Ведомствоның атап өтуінше, салқын ауа райы жақындаған сайын әскери корабльдердің экипаждары да толық көлемде дайын болуы тиіс. ҚР Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының басқармасынан хабарлағандай, әскери теңізшілер қысқы мерзімге киім-кешектерін алды, жаңа костюмдер мен қысқы арнайы киімнің үлгілері сынақтан өткізілді.
Қысқы уақытта корабльдер теңізге сирек шығады. Алайда, бұған қарамастан, ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері толық көлемде өзінің негізгі міндеті, яғни, Каспий теңізінің қазақстандық су айдындарында қолайлы жедел жағдайды қамтамасыз етуді жалғастыруда.
«Жылдың мезгіліне қарамастан, зерттеу жұмысы да жүргізілуде. Бұл тапсырманы «Жайық» гидрографиялық кемесі іске асырады. Бүгінгі таңда Қазақстанның Әскери-теңіз күштері 2015 жылға арналған жауынгерлік даярлық жоспарын толық орындағанын атап өткен жөн», - деп хабарлады Қорғаныс министрлігінен.