ҚР әуежайларында қызмет көрсету уақыты 60 минуттан аспауы тиіс

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Бұдан былай еліміздің әуежайлары мен әуе компаниялары жолаушыларға қызмет көрсету міндетін жаңа Ережеге сәйкес атқаратын болады.

ҚР әуежайларында қызмет көрсету уақыты 60 минуттан аспауы тиіс

Бұл туралы Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Қазақстан Республикасы Үкіметі 2013 жылы бекіткен Ереже ұшып келген және ұшып шығатын, сондай-ақ, трансферлік және транзиттік жолаушыларға қызмет көрсету тәртібін реттейді. Жаңа Ережеде мүмкіндігі шектеулі жолаушыларды тіркеу ерекшеліктері, оларды тасымалдау және рәсімдеу тәртібі де қарастырылған.

«Бұдан өзге, жаңа Ережеге сәйкес жолаушыларға қызмет көрсетудің халықаралық сапа стандарттарын енгізу көзделген. Негізгі критерийлер қатарында - рейстердің өзара ұштасуының ыңғайлылығы, күту аймағын жабдықтау, жолаушылардың әуежайларда оңай бағдарлануы үшін жағдай жасау. Бұларға қоса, стандарттар әуежайлардағы қоғамдық тамақтану мекемелері, жолаушыларды ақпараттандыру қызметі, жолаушылардың әуежайдың барлық режимдік аймағында ұялы байланыс пен сымсыз Интернетке қолжетімділігін қамтамасыз етуін қамтиды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, тексеруден өту кезінде жолаушыларға жайлы жағдай жасауға бағытталған нормалар да қарастырылған. Қабылданған стандарттар бойынша жолаушыны тексеру уақыты кезекте тұруын қоса есептегенде 7 минуттан аспауы тиіс.

Әуежайлардағы күту аймағын жабдықтау барысында адам шоғырланатын арнайы орын болмаған жағдайда жолаушылар мен шығарып салушылар үшін отыратын орындар 20 %-дан кем болмауы тиіс. Ал, егер адам шоғырланатын арнайы орын болса, онда жиналатын жолаушылардың 60%-ы отыру мүмкіндігіне ие болуы қажет.

Рейстер кестеге сәйкес орындалып жатқан жағдайда жолаушылардың төлқұжат және виза бақылауларынан өту уақыты ұшып келгенде 20 минуттан, ұшып бара жатқанда, кезекке кеткен уақытты қоса есептегенде, 30 минуттан аспауы тиіс. Жолаушылар ұшып келгенде әуежайда оларға қызмет көрсету уақыты 45 минуттан, ұшып бара жатқанда - 60 минуттан аспауы керек. Ереже бойынша автотұрақтарға да арнайы талаптар қойылатын болады. Жолаушы айналымы жылына 1 миллион адамды құрайтын әуежайда көлік тұрақтары 500 орыннан кем болмауы керек. Жолаушының аэровокзалдан автотұраққа дейін кететін уақыты 5 минуттан аспауы тиіс.

Осы және өзге де шаралар жолаушыларға қауіпсіз және сапалы қызмет көрсетуге, азаматтардың әуежайлар мен әуе компанияларының қызметтеріне көңілдері толу деңгейін арттыруға бағытталған.

Ережеге сәйкес, әр әуежайда жолаушылар терминалының өткізу мүмкіндігіне қарай жолаушыларға қызмет көрсету бойынша ішкі нұсқаулықтар әзірленетін болады.

Әуежайларды қызмет көрсету сапасының стандарты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2012 жылғы шілдеде азаматтық авиация саласын мемлекеттік реттеу мәселелері жөнінде өткізген кеңесіндегі тапсырмаларды орындау аясында әзірленгенін еске саламыз.

Жаңа Ереже ресми жарияланғаннан бастап 10 күнтізбелік күн ішінде күшіне енеді.