ҚР Аумақтық даму жоспарында қандай тақырыптар қамтылады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 1 шілдеге дейін Аумақтық даму жоспарын әзірлеу жоспарланған. Бұл құжатта қандай тақырыптар қамтылатынын ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз әр өңірдегі ахуалдың қандай екенін, онда әлеуметтік көрсеткіштерге қалай қол жеткізілетінін, орнықты даму мақсаттарының қалай орындалатынын, кей өңірлердің экологиялық жай-күйін айқын түсінуге тиіспіз. Екінші жағынан, әр аймақтың өзіндік бәсекелік артықшылығы бар. ШҚО, Қарағанды, Павлодар сияқты өңірлер ірі өндірістерді технологиялық жаңғыртуға дайын. Ал кейбір аймақтар агроөңдеуге, ауыл шаруашылығын дамытуға бағдарланған. Мұнай өңдеуді дамыту – Қазақстанның батыс аймақтарында жақсы. Енді бір қырынан бізде аумақтық даму саясаты бойынша агломерация қалыптасып жатыр. Ең алдымен, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент айналасында тиісті даму болуы тиіс», - деді Қайрат Келімбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, құжатты 1 шілдеге дейін әзірлеу жоспарланған.
«Бюджет саясаты, салық, әлеуметтік, инфрақұрылымдық саясат қалай құрылады – мұның бәрі өңірлер бөлінісінде аумақтық даму жоспарында көрініс табады. Біз оны Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп әзірлейміз. 1 шілдеге дейін жоба реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің отырысында қаралады деп ойлаймыз», - деді Қ. Келімбетов.