ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Қостанай облысында жұмыс сапарында жүр
ҚОСТАНАЙ. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат /Петр Плахотников/ - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына келді.
Министрдің қасына облыс әкімі Сергей Кулагин еріп жүр, оның аймаққа сапары бағдарламасы «Заречное» тәжірибе шаруашылығының алқаптарын аралаудан басталды. Шаруашылық басшысы - Қостанай ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Валентин Двуреченский элиталық бидай алқаптарын, сондай-ақ заманауи ауыл шаруашылығы техникаларының жұмысын көрсетті.
Шаруалардың көкейкесті проблемаларын талқылау кезінде облыс әкімі С.Кулагин аграршыларға қаражаттардың дер кезінде бөлінуі қажеттігі мәселесін қозғады. Әкімнің пікірінше, бұл қаржы жыл басында түсуі тиіс. Қостанайлықтар танаптар құнарын арттыратын және экологиялық таза өнім беруге мүмкіндік беретін гербицидтер алуға қаржы бөлу қажеттігін көтерді.
Ақылбек Күрішбаевтың сапары Қостанай және Федоров аудандарының астықты шаруашылықтарының алқаптарында жалғасты.