ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан үш қоғамдық кеңес құрылды
Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихаты барысында аталған ведомствоға қарасты Стратегия және корпоративтік даму департаментінің директоры Серік Ибраев мәлім етті.
«Біз көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мақсатында үш қоғамдық кеңес құру туралы шешім қабылдадық. Оның біріншісі - ветеринария және асыл тұқымды мал шаруашылығы, екіншісі - егіншілік және фитосанитариялық қауіпсіздік, ал үшіншісі - табиғат ресустарын пайдалану саласында», деді ол.
Ал аталған министрліктің Агроөнеркәсіп кешенінің мемлекеттік инспекциясы комитеті төрағасының орынбасары Марс Алмабектің атап өтуінше, аталған қоғамдық кеңестердің басты мақсаты ауыл шаруашылығы мамандарымен бірлесіп, негіздеме болған жағдайда қажетті заңдарға толықтырулар мен өзгертулер енгізу болмақ.
Жалпы қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік қызметтің 56 түрін ұсынады. Олардың басым бөлігі регламенттеліп, стандартталған. Ал қалғандарын стандарттау 2012 жылы аяқталмақ.