ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Қырғызстанның 4 шекаралас аймағында тексеру жұмыстарын жүргізбек - ҚР АШМ
АСТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде республикадағы эпизоотиялық және фитосанитарлық жағдайды тұрақтандыру жөнінде баспасөз мәслихаты өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Басқосуда Қырғызстаннан ет әкелуге шектеуді алып тастау мүмкіндігі айтылды. Дегенмен, ең алдымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Қырғызстанның 4 шекаралас аймағында тексеру жұмыстарын жүргізуі қажет. Бұл туралы баспасөз мәслихатында АӨК Мемлекеттік инспекциясы комитетінің төрағасы Серік Сүлейменов айтты. Оның айтуынша, ет шығаратын қырғыздықтар еліміздің ауыл шаруашылығы ведомствосына шектеу салуды алып тастауды өтінді. Ал қазақстандық тараптың елімізбен шекаралас жатқан Қырғызстан аумағын тексеруге құқығы бар.
«Инспекция алдағы уақытта жолға шығуға дайын. Дегенмен, ҚР АШМ Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі арқылы ресми шақыруды күтіп отыр. Бұған қоса, біздің мәліметтер бойынша, ет жеткізушілер Қытайдан әкелінетін етті қайта сатумен айналысады. Бұл эпизоотиялық қауіп төндіреді», - деп атап өтті Комитет төрағасы.