ҚР ауыр атлетика федерациясы допинг дауына байланысты өз тергеуін жүргізетін болады

Допинг-сынама спортшылардан таяуда АҚШ-тың Хюстон қаласында өткен Әлем Чемпионатынан кейін іле-шала алынған болатын. Олар осы біріншілікте жүлделі орындарға қол жеткізген еді.
Енді тергеудің барлық материалдары және бірлескен комиссияның қорытындысы Халықаралық ауыр атлетика федерациясына жіберіледі және осы ұйымның тәртіптік комиссиясының кезектен тыс отырысында қаралатын болады. Осы жиында қазақстандық атлеттерге немесе олардың спорт-медициналық ортасына қосымша тәртіптік жаза қолдану немесе оны жұмсарту немесе тіпті жазаны алып тастау туралы шешім қабылдануы мүмкін.
«Допингпен күрес - біздің федерация жұмысының басымды бағыттарының бірі. Біз жыл сайын әр түрлі жастағы зілтеміршілер мен олардың спорттық ортасына арнап, көптеген оқыту семинарларын жүргіземіз. Биыл зілтеміршілер арасында 6 семинар және 186 жеке әңгіме жүргізілді.
Біз допингке қарсы қазақстандық зертханамен бірлесіп, атлеттерімізді жиі тексеріп тұрамыз. Мысалы, биыл - 2015 жылы допинг-бақылау бойынша 418 зілтеміршіден сынама алынған болатын. Олардың алтауы - оң нәтиже берді.
Біз допингтің абырой да жеңіс те әпермейтіндігін спортшыларға жиі айтамыз. Сондықтан, тәжірибелі спортшыларымыз - Алмас Өтешов, Жасұлан Қыдырбаев және Ермек Өміртайдың жарыстарға уақытша қатысу құқығынан айрылуы және олардың тыйым салынған препараттарды қабылдауларына байланысты күдікті деп танылғандарына біз қатты күйініп отырмыз.
Монреаль зертханасы бүгінде әлемдегі ең үздік зертхана екені белгілі. Сондықтан, оның шешіміне наразылық білдіру бүгінгі таңда мүмкін болмай отыр. Дегенмен, біз атлеттеріміздің адал екендіктеріне шүбә келтірмейміз және оларды қорғауға барынша күш саламыз.
Спортшыларымызға қатысты допинг-сынаманың оң нәтиже бергендігі біз үшін барып тұрған сорақы дерек, бұл жерде біреудің көрінер-көзге қателік жібергені көрініп-ақ тұр. Бұған біздің жігіттердің ешқандай қатысы жоқтығына сенімдіміз. Біз жағдайды анықтау үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз және біздің атлеттердің тамағына немесе дәрумендеріне тыйым салынған препараттың салынуына себепші болған тұлғаларды әшкерелеуге барынша күш саламыз. Егер кінәлі азамат атлеттердің өз айналасынан табылар болса. онда Халықаралық ауыр атлетика федерациясымен бірлесе отырып, мұндай адамды спорттан мүлдем аластату және спорт жарыстарына қатысу құқығынын айыру туралы шешім қабылдаймыз», - деді осыған орай ҚР Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Омар Мұстафин.