ҚР Азия Чемпионатында секундтың мыңдаған бөлігі есептеледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда велоспорттан Азия Чемпионатында секундтың мыңдаған бөлігін есептейтін қондырғы тұңғыш рет жарыс мәресі мен сөресіне орналастырылады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен чемпионатқа арналған брифингте Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Қайрат Айтекенов мәлімдеді.
«Тректегі жарыс 22-26 мамыр аралығында Астанадағы «Сарыарқа» республикалық велотректе, ал шосседегі дода - 27 мамыр мен 1 маусым аралығында Қарағандыда өтеді. Азия Чемпионатының рейтингісі жоғары. Сондықтан халықаралық төрешілік стандартын қамтамасыз еттік. Сондай-ақ тректе Қазақстанда алғаш рет жарыстың мәресі мен сөресіне секундтың мыңдаған бөлігін есептейтін қондырғы орнатылады», - деді Қ. Айтекенов. Сондай-ақ ол велотрек тегін болатынын қосты. Бұл бұқаралық спортты дамытып, саламатты өмір салтын насихаттаудың амалы. «Қазақстан веломемлекет - бізде олимпиада чемпионы Александр Винокуров бар. Бұл атауды сақтап қалу, оған қол жеткізгеннен жеңіл емес. Сондықтан жаңа чемпиондарды дайындауымыз қажет. Ол үшін осындай шараларды ұйымдастырамыз», - деді Қайрат Айтекенов.