ҚР Бас прокуратура алқасының кезекті мәжілісі болып өтті
АНА. 26 мамыр. ҚазАқпарат. Бүгін ҚР Бас прокуроры Асқат Дауылбаевтың төрағалық етуімен Бас прокуратура алқасының кезекті мәжілісі болып өтті.
Онда қосымша құн салығын (ҚҚС) қайтаруға қатысты салық дауларына байланысты, сондай-ақ алдын-ала қамау орындарындағы адамдарды азаптау және оларға қатыгездікпен қараудың басқа да түрлерін қолдануға қарсы әрекет етуге қатысты мәселелер талқыланды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымдар бойынша ҚҚС сомасын мемлекеттің қайтару рәсімі салықтың қайтарылатын сомасының пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстардың және қызмет көрсетулердің айналымы процесінде бюджетке алдын-ала төленіп қойғанын білдіреді. Бірақ жосықсыз салық төлеушілер салықтан жалтарудың күрделі схемаларын пайдалана отырып, бюджетке нақты төленбеген ҚҚС-тың едәуір сомасын заңды түрде қайтаруды ұсынады.
Орын алып отырған даулар мемлекеттің мүддесіне едәуір әсер етеді, өйткені жосықсыз салық төлеушілердің және экспорттаушылардың талаптарын қанағаттандырған жағдайда бюджет айтарлықтай зиян шегеді.
Бас прокурор атап өткендей, салық тексерулерінің нәтижелері бойынша кәсіпкердің кінәсі ретінде көптеген бұзушылықтар тағатын уәкілетті және құқық қорғау органдары салық төлеушінің «кінәлілік презумпциясы» тәрізді жөнсіз тәжірибеден бас тартулары қажет. Мұндай жағдай бизнесті жүргізудегі кедергілерді жою жөніндегі Мемлекет басшысының саясатына қайшы келеді және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға ыңғайлы жағдай қалыптастырады.
Іскерлердің құқықтарын шектеу фактілерін жою мақсатында салық қызметі және қаржы полициясы органдары бизнес құрылымдарымен тығыз және тиімді өзара іс-қимыл орнатулары керек. Осындай өзара іс-қимыл бір мезетте кәсіпкерлердің құқықтарын және мемлекеттің мүдделерін қорғауды қамтамасыз ете алады.
Осыған байланысты Бас Прокурор салық органдарына бұл мәселеге көзқарасты түбегейлі түрде қайта қарауды, адал салық төлеушілердің құқықтарын бұзу фактілерін болдырмауды тапсырды. Қаржы министрлігіне нақты экспорттаушыларды ынталандыратын, мемлекеттік бюджеттен ҚҚС қайтарудың жаңа пәрменді тетігін әзірлеуді ұсынды.
Прокуратура органдары жергілікті жерлерде бизнес өкілдерінің құқықтарын және мемлекет мүдделерін бұзуды болдырмай, салық төлеу саласында заңдылықтың бұзылуын анықтау және олардың бастапқы кезеңінде жолын кесу үшін түбегейлі шаралар қабылдай отырып өздерінің құқық қорғаушылық функцияларын жүзеге асырулары тиіс.
Алқа мәжілісінің күн тәртібіндегі екінші сұрақты талқылау барысында азаптауларға қарсы тұру бағытында Қазақстанда соңғы жылдары көп жұмыстар жасалғаны және азаптаулармен күрес саласында жүйелі шаралар қабылданғаны атап өтілді. Құқықтық жүйені реформалау, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. БҰҰ Комитетінің сәйкес ұсыныстарын жүзеге асыру жөніндегі Үкіметтің іс-шаралар жоспары тиісінше орындалуда. Ұлттық заңнамалар халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді. Бас прокуратурада бас бостандығынан айыру мен уақытша ұстау орындарының заңдылығын қадағалау жөніндегі арнайы департамент құрылды. Бас прокурор мамандандырылған мекемелерде ұсталатындарға қатысты қатігездікпен байланысты қинау және өзге де заңсыз әдістер туралы арыздар мен өтініштерді тексеру туралы арнайы нұсқаулықты бекітті.
Бас прокурор бүгінгі таңда мұндай қылмыстардың профилактикасын жүргізу және алдын алу қажеттілігі, іс жүргізушілік ұстауды рәсімдеу процедурасын жетілдіру және ұсталғандардың құқықтарын пайдалануды жүзеге асыру, уәкілетті қоғамдық ұйымдармен ықпалдастық орнатудың күн тіртібіне шығарудың қажеттілігін атап көрсетті.
А.Дауылбаев осы саладағы құқық қорғау органдарының жұмыс нәтижелігі анықталған азаптау фактілерінің саны бойынша емес, ал тәуелсіз қоғамдық және халықаралық ұйымдардың ресми баяндамаларындағы қатігез қарым-қатынасқа қатысты өтініштердің шынайы азаюымен бағаланатынына ерекше назар аударды.
Талқылау қорытындысы бойынша алқа Әділет министрлігіне заңнамаларға өзгерістер енгізу туралы мәселеге, атап айтқанда, тергеу изоляторлары жанынан сотталғандарды уақытша ұстауға арналған тасымалдау-аудару бекеттерін құруға бастамашы болуды ұсынды.
Ішкі істер министрлігіне азаптауларды қолдану фактілері үшін анықтау және тергеу органдары лауазымды тұлғаларының дербес жауапкершіліктерін арттыру қажеттігі көрсетілді, сондай-ақ ұсталғандарды қызметтік бөлмелерге жеткізу процесін бейнежазбаға түсіруді қамтамасыз ету ұсынылды.
Бас Прокурор өңірлік прокурорларға қадағалау органдарының құқық қорғаушылық әлеуетінің толықтай жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді, алдын-ала ұстау орындарында азаптауларды қолдану мәселелері бойынша барлық шағымдарды қарауды жеке бақылауға алуды, кінәлі адамдарды заңмен белгіленген жауапкершілікке тартуды тапсырды.