ҚР Бас прокуратурасы 1 мыңнан астам пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы 1 мыңнан астам пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.
«Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау жөніндегі жұмыстар тұрақты бақылауда тұр. Қабылданған шаралардың негізінде көлемі 779 мың, кадастрлық құны 27 млрд.-тан астам теңгені құрайтын 1 148 жер телімі қайтарылды. Жалпы көлемі 1 млн. гектардан астам (1,2 млн.) топырағы азып кеткен 470 жер телімі анықталды. Осыған орай уәкілетті органдарға топырақтаың құнарлылығын қалпына келтіруді талап ете отырып заңдылықтың бұзылуын жою туралы 100-ден астам ұсыныс енгізілді», - делінген ведомство ақпаратында.
Сонымен қатар, ҚР Бас прокуратурасы таратқан ақпаратта табиғатты қорғау туралы заңнамалардың сақталуына қадағалау жүргізуге ерекше назар аударылғандығы айтылған. Тек Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы ғана анықталған экологиялық заңнамаларды бұзушылықтар бойынша «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының қазақстандық филиалынан 9,5 млрд. теңге өндірген.