ҚР Бас прокуратурасы ғаламторда тарап кеткен келін ұрлау туралы бейнероликке қатысты түсініктеме берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы күндері бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстандағы келін ұрлау туралы бейнероликті көрсетумен байланысты жарияланымдар пайда болды. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді.

ҚР Бас прокуратурасы ғаламторда тарап кеткен келін ұрлау туралы бейнероликке қатысты түсініктеме берді

«Аталған бейнероликте көрсетілген оқиғалар тексерілді. Жас жұбайлардың кім екендері анықталды. Ерлі-зайыптылардың түсіндіруі бойынша, олар ағымдағы жылғы тамыздың басынан бері азаматтық некеде тұрады, бұған дейін бір жылға жуық дос болған және жанұя құруды жоспарлаған», - делінген хабарламада.

Бұл ретте, жұбайы күйеуінің үйіне өз еркімен келгенін, ал бейнероликтегі еріксіз көндіру көріністерін мұндай жағдайларда қыздың арын сақтаумен байланысты дәстүрді көрсетуге талпынуларымен түсіндірді.

Келтірілген жағдайларға байланысты жоғарыда көрсетілген ролик бойынша құқық қорғау органдары құқықтық ықпал ету шараларын қолданған жоқ.

Айта кетейік, заңға сәйкес, адам ұрлау мүлкiн тәркiлеп, 15 жылға дейiн бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілікке әкеліп соғатын қылмыстық жазалау әрекетінің құрамын құрайды. Осындай қылмыстың жасалғаны туралы мәліметтер келіп түскенде құқық қорғау органдары кінәлі тұлғаларды әшкерелеу және оларды жауапкершілікке тарту бойынша жан-жақты шаралар қолданады.