ҚР Бас прокуратурасы Владислав Челахтың айғақтарына сәйкес кісі өлтіру хронологиясын жария етті
АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы Владислав Челахтың айғақтарына сәйкес кісі өлтіру хронологиясын жария етті.
Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
«Оның жауабына сәйкес қылмыс 2012 жылғы 28 мамырда шамамен таңғы сағат 5-тер шамасында сақшыдан басқа барлық бекет шекарашылары ұйқыда болған кезде жасалған. В. Челахтың өзі сол түні казарма бойынша кезекші және сәйкесінше қару арсеналына қол жетімділігі болған», - деді ол.
Ресми өкілдің алға тартқан деректеріне сәйкес В. Челахтың кісі өлтіру хронологиясы келесідей өрбіген. Бірінші болып бекет аумағынан алдау арқылы шығарылған сақшы өлтірілген. Одан кейін В. Челах казармаға оралып, ондағы қалған қызметтестерін атып өлтірген. Олардың 9-ы ұйықтап жатқан. Соңғы болып аңшы үйінде қорықшы Р. Ким өлтірілген.
«В. Челах құрбандары өлтіру кезінде қарусыз болғандарын атап айту қажет», - деді ол.
Ресми өкілдің айтуына қарағанда, ұйқыдан тұрған кейбір шекарашылар В. Челахтың қару бағыттағанын шынайы қабылдамаған. Шекарашылар өлтірілгеннен кейін В. Челах қылмыс іздерін жасыру мақсатында әрқилы позициялардан автоматтан оқ атып, казарма бөлмелерінде оқтарды шашып, алдын ала бензин төгіп, бекеттің барлық казармалық және шаруашылық нысандарын өртеп жіберген. Осындай тәсілмен бекет аумағынан тысқары жатқан сақшы мәйіті де өртенген. Осының бәрінен кейін В. Челах өзімен бірге макаров тапаншасын, азық-түлік, қызметтестерінің бірқатар жеке заттарын алып, капитан Кереевтің азаматтық киімін киіп, оқиға болған жерден жаяу бой тасалаған.