ҚР Бас прокуратурасы жанармай құю бекеттерінің қызметіне құқық қорғау органдарының негізсіз араласуын анықтады
Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәлет Сүйіндіков БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәслихаты барысында мәлім етті.
«Бас прокуратураның қадағалауы барысында мұнай өнімдерін сақтау мен сатуға рұқсат беру тәртібінің жеткіліксіз әрі уақытынан кеш құқықтық реттелуі салдарынан жанармай құю бекеттеріне иелік ететін кәсіпкерлердің қызметіне құқық қорғау органдарының негізсіз араласуына және оларды қылмыстық қудалауға жол берілгендігін анықтады», деді ол.
Оның айтуынша, 2007 жылы тамыздың 8-інде «Лицензиялау туралы» Заңның енгізілуіне байланысты мұнай өнімдерін сақтау нысандарын пайдалану қызметі, сонымен қатар өртенгіш және жанғыш сұйықтықтарды, сұйытылған және жанғыш газдарды қабылдау, төгу, құю, сақтау, жіберу лицензияланатын қызметтерге айналған. Алайда, лицензияны беру тетіктерін бекітетін заңға бағынышты актілер 2008 жылы қыркүйектің 9-ында ғана күшіне енген. «Осылайша, 2007 жылдың тамызы мен 2008 жылдың қыркүйегі аралығында кәсіпкерлер өздеріне қатыссыз себептерге байланысты аталған қызмет түрі бойынша лицензия ала алмаған», деп атап өткен ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілінің сөзіне қарағанда, «Лицензиялау туралы» жаңа заң бұрын заңды түрде жанар-жағармай материалдарын сатумен және жанармай құю бекеттерін пайдаланумен айналысқан тұлғаларды лицензияны алғанға дейін өз қызметін тоқтата тұруды міндеттемеген. «Алайда, осыған қарамастан құқық қорғау органдары жанармай құю бекеттерінде жанармайды сатумен айналысқан кәсіпкерлерге қатысты 2007 жылдың тамызынан лицензиясыз қызмет жасағаны үшін бірқатар қылмыстық істер қозғаған», деді Н.Сүйіндіков.
«Бұрыннан заңды негізде жанармай құю бекеттеріне иелік ететін және барлық құқықтық тетіктер орнатылғаннан кейін мұнай өнімдерін сақтау мен сату саласында қызмет етуге лицензияны алған тұлғалардың әрекетінде заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу пиғылы, яғни ҚР ҚК 190 бабында көрсетілген қылмыстың құрамы жоқ деп есептейміз».
Осыған орай, аймақтық прокурорларға 2009-2010 жылдары ЖҚБ пайдалануға қатысты лицензиясыз қызмет көрсету деректері бойынша қозғалған барлық қылмыстық істерді тексеріп, кәсіпкерлерді құқық қорғау органдарының заңсыз араласуынан қорғау шараларын қабылдау тапсырылған.
Сонымен қатар заңсыз кәсіпкерлік үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі бойынша қылмыстық заңнаманы жетілдіру туралы ұсыныстар дайындау үшін Бас прокурордың өкімімен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына құқық қорғау және сот органдарының және «Атамекен» одағының өкілдері кірді.