ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісі өтті

АСТАНА. Мамырдың 31-і. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің Бас прокурорының бірінші орынбасары И.Меркельдің төрағалығымен ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісі болып, онда жоғары қадағалау органдарындағы азаматтардың өтініштерін қараудың жай-күйі талқыланды.
None
None

Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлап отыр.

Кеңестің жұмысына Парламент депутаттары, еліміздің көрнекті ғалымдары, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан.

«Азаматтардың мемлекеттік органдарға, оның ішінде құқық қорғау органдарына берген өтініштері оларды қорғаудың конституциялық кепілдігін жүзеге асырудың құралы, бұзылған құқықтарын қорғап, қалпына келтірудің тәсілі болып табылады. Осыған орай, прокуратура органдарының ашықтығы мен қол жетімділігін қамтамасыз ету олардың қызметінің басым бағыттарының бірі болып отыр», делінген баспасөз хабарламасында.

Ведомствоның таратқан ақпаратына қарағанда, қадағалау органдарына келіп түсіп жатқан өтініштер саны жыл сайын өсіп отыр. Мысалы, өткен жылы ғана 220 мыңға жуық өтініштер келіп түскен, бұл 2008 жылғы көрсеткіштен 22,9 пайызға артық.

Әрбір өтініш бойынша азаматтардың құқықтарының бұзылуының жолын кесуге және заңды мүдделерін қорғауға немесе қалпына келтіруге бағытталған прокурорлық ықпал ету шаралары міндетті түрде қолданылады. «Мәселен, өткен жылы прокурорлар бес мыңнан астам прокурорлық қадағалау актісін енгізіп, екі жарым мыңнан астам адамды әртүрлі жауапкершілікке тартты, ондаған мың жеке және заңды тұлғалардың құқықтары қалпына келтірілді», деп нақтылай түседі баспасөз қызметі.

Мәжіліске қатысушылар қаралып отырған мәселенің өзектілігін және келіп түскен өтініштерді қарау, оларды қарауды жеделдетуді арттыру, сондай-ақ ықпал етудің қажетті шараларын қабылдау жөніндегі жұмыстарды одан әрі жетілдірудің маңыздылығын атап көрсеткен. Талқылау қорытындысы бойынша, кеңес осы мәселе жөніндегі прокуратура органдарының қызметін одан әрі жетілдіретін ұсыныстар қабылдаған.

Соңғы жаңалықтар