ҚР Бас прокуратурасында БҰҰ комитетінің азаптауға қарсы ұсыныстарын жүзеге асыру мәселелері қаралды
АСТАНА. 11 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Бас Прокуроры Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Құқық қорғау органдары Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтіп,
онда БҰҰ комитетінің азаптауға қарсы ұсыныстарын жүзеге асыру, сондай-ақ бас еркінен айыру орындарынан босатылған адамдардың еңбек және тұрмыстық орналасуы мәселелері қаралды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.
Мәжіліске қатысушылар БҰҰ Комитетінің азаптауға қарсы ұсыныстарын дәйекті жүзеге асыру жөніндегі атқарылған оң жұмыстарды атап өтті.
Сонымен бірге Бас Прокурор азаптауға және қаталдық пен жазалаудың басқа да осындай түрлеріне қарсы күрес жөнінде қосымша шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталды. Өңірлік прокурорларға азаптау және қылмыстық процеске тартылған және арнаулы мекемелердегі адамдарға қатал қарауға байланысты басқа да заңсыз әдістер туралы арыз-шағымдарды тексеруді қатаң бақылау тапсырылды.
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың әлеуметтік бейімделуін талқылау барысында мәжілісте бұл жұмыстың тиімділігін арттыру, уәкілетті мемлекеттік органдардың бұрынғы қамаудағылардың еңбек және тұрмыстық жағынан орналасуы жөнінде өзара іс-қимылын жұмылдыру және тиісінше ұйымдастыру, олардың құқықтарын қорғау саласында заңдылықтың сақталуына прокурорлық қадағалауды күшейту жөнінде кешенді шаралар қабылдаудың өзектілігі атап өтілді. Халықаралық тәжірибені есепке ала отырып бұл салада жұмыстың жаңа нысандары мен әдістерін енгізу ұсынылды.
Сондай-ақ, мәжілісте Үйлестіру кеңесінің 2011 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары мақұлданды.