ҚР Бас прокуратурасының алқасы қылмыстық қудалау органдарының азаматтардың бостандықтары мен конституциялық құқықтарының сақталуын қадағалау мәселелерін қарады

Алқа жұмысына Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттік пен өзге де ведомстволардың өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы бекіткен құқықтық саясат тұжырымдамасында адамдар мен азаматтардың бостандықтары мен конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз етудің аса маңызды екендігі баса айтылған еді. Осыған орай, олардың әр кезде сақталуы, соның ішінде, қылмыстық үдеріс ауқымында сақталуы прокуратура органдарының үздіксіз бақылауында болып отыр.
Отырыс барысында, алқаға қатысушылар қарастырылып отырған мәселенің көкейкестілігін атап көрсете отырып, қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалар тарапынан болып қалатын заңсыз іс-әрекеттердің алдын алуға бағытталған шаралардың тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Жалпы алғанда, осы бағыттағы құзыретті органдардың жұмыс деңгейі қанағаттанарлық деп танылды. Сонымен қатар, күдікті тұлғаларды ұстау кезіндегі жіберіліп жатқан өрескел заң бұзушылықтарға және кейбір құқық қорғау органдарының ішкі қауіпсіздік қызметтерінің жұмысының кемшіліктеріне баса назар аударылды.
Талқылау нәтижелері бойынша, алқа отырысы осы мәселеге байланысты қылмыстық қудалау органдарының қызметін жетілдіруге, жедел-іздестіру және процессуалдық іс-шараларды өткізу кезінде заңдылықтың жоғары деңгейлі қамтамасыз етілуіне, прокурорлық қадағалау мен ведомстволық бақылауды күшейтуге бағытталған шешімдер қабылдады.