ҚР Бас прокуроры А. Дауылбаевтың мәлімдемесі

АСТАНА. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат. ҚазАқпарат Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында болған жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты ҚР Бас прокуроры А.Дауылбаевтың мәлімдемесін жариялайды.

ҚР Бас прокуроры А. Дауылбаевтың  мәлімдемесі

ҚР Бас прокуроры А. Дауылбаевтың мәлімдемесі

Бүгін, 2011 жылдың 16-шы желтоқсанында 11 сағат 30 минутта Манғыстау облысының Жаңаөзен қаласында мерекелік іс-шаралар барысында адамдар тобының қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде жаппай тәртіпсіздіктер орын алды.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеуге орталық алаңға жиналған бейбіт тұрғындар бұзақылық жасаушы адамдар тобының шабуылына ұшырады.

Қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, құқық бұзушылар полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаған, жаңа жылдық шыршаны құлатып тастаған, мейрамға орай құрылған сахна мен киіз үйді бұзған және полиция автобусын өртеп жіберген.

Бұзақылық жасаушы адамдар тобы бейбіт тұрғындарды ұрып-соғып, алаңның маңындағы автокөліктерді сындыра бастаған.

Құқық қорғау органдарының құқыққа қарсы әрекеттерді тоқтату туралы талаптарына бұзақылық топ қаруды алып қою мақсатында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шабуыл жасаған. Сонымен қатар бұзақылық жасаушы элементтер атыс және суық қарулар қоданған.

Жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан қала әкімдігінің ғимараты, қонақ үй, «Өзенмұнайгаз» компаниясының әкімшілік ғимараты өртенген. Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүліктері жойылып, автокөліктер өртелген, банкоматтар тоналған.

Алдын-ала мәліметтер бойынша, жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан 10 адам қаза болған, жараланғандар бар, олардың арасында полиция қызметкерлері де бар.

Жаппай тәртіпсіздік фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қылмыстық әрекеттердің жолын кесу, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларды анықтау және жазалау, қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қалпына келтіру үшін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың жетекшілігімен жедел-тергеу тобы Жаңаөзен қаласына ұшып кетті.

Бас прокуратура тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларды олардың заң алдындағы жауапкершіліктері туралы ескертеді және құқыққа қарсы әрекеттерді тоқтатуға шақырады.

Құқық қорғау органдары азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін бұзуға жасалған барлық талпыныстарға тосқауыл қоюға бағдарланған.