ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми жеке сұрақтар бойынша азаматтарды қабылдады

АСТАНА. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат - Қазанның 5-і күні ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми жеке сұрақтар бойынша азаматтарды қабылдады. Келушілердің шағымдары негізінен зейнеткерлік заңнамаларға, тұрғын үйге меншік құқығына, жалақы, берешек сомаларын өндіріп алу сияқты мәселелер бойынша сот актілеріне қатысты болды,

ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми жеке сұрақтар бойынша азаматтарды қабылдады

деп хабарлады Бас прокуротураның баспасөз қызметі.

Бас Прокурор органның жауапты қызметкерлеріне әрбір азаматтың арыздарының дәйектігін мұқият зерделеуді, заңдылықтың бұзылуы анықталған жағдайда оларды жою үшін түбегейлі шаралар қабылдауды, кінәлі адамдарды заң шеңберінде жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Сондай-ақ Қ.Мәми, үш шағым бойынша, заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы наразылыққа қол қойды. Енді олар Жоғарғы соттың қарауына жолданатын болады.

Атап айтқанда, олардың арасында Астана қаласының барлық тұрғындарының мүдделерін қозғайтын «Қалалық электр желілері» АҚ мен «Астанаэнерготарату» ЖШС арасындағы дау бойынша сот актілерінің күшін жою мәселесі бар. Мәселен, сот шешімдері «Қалалық электр желілері» АҚ-ның басқа абоненттер тұтынған электр энергиясының құнын пәтер иелерінің есебіне қосу туралы әрекетін заңдастырып берген.

Мәселе қабылданған және қолданылған электр қуатын есептейтін құрылғының тұрғын үй аумағында емес, трансформаторлық кіші стансыда орналасуы салдарынан туындады. Нәтижесінде, «Қалалық электр желілері» АҚ және «Астанаэнерготарату» ЖШС ұсынған деректер бойынша электр энергиясы көлемі арасында іс жүзінде болмауы керек айырмашылық пайда болған. Ал бұл айырмашылықты төлеу пәтер иелеріне міндеттелген.