ҚР Бас Прокуроры мен ЕҚЫҰ жоғарғы комиссары аз ұлттардың құқықтарын бұзуға жол бермеу шаралары жөнінде пікір алмасты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Бас Прокурор Асхат Дауылбаев ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары Астрид Турс ханыммен кездесті.

ҚР Бас Прокуроры  мен ЕҚЫҰ  жоғарғы комиссары аз ұлттардың құқықтарын бұзуға жол бермеу шаралары жөнінде пікір алмасты

Бас Прокурор Жоғарғы комиссарды ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету және аз ұлттардың құқықтарын бұзуға жол бермеу шаралары жөнінде хабардар етті.

Кездесу барысында адам құқықтарын сақтаудың өзекті мәселелері бойынша сындарлы сұхбат өрбіді. Тіл туралы заңның қолданылуы, сондай-ақ ұлттық және тілдік белгілер бойынша кемсітушілік мәселелері әңгіменің өзекті тақырыбына айналды, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

А.Турс ханым кездесу аясындағы мазмұнды пікір алмасуға, сонымен қатар адам құқықтарын қорғау саласындағы қол жеткізілген ынтымақтастық пен өзара белсенді ықпалдастыққа ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде А.Дауылбаев Қазақстанның Бас прокуратурасы осы бағыттағы диалогқа және бірлескен жұмыстарды жалғастыруға дайын екендігін мақұлдады.

А.Турс ханыммен болған бұл кездесу былтырғы жылдың маусым айында болып өткен жүздесудің жалғасы екендігін атап өткен жөн.