ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі қант бағасының көтерілуі фактісі бойынша ірі қант жеткізушілер мен өндірушілерге қатысты тергеу амалдарын бастады

АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат - ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі қант бағасының көтерілуі фактісі бойынша ірі қант жеткізушілер мен өндірушілерге қатысты тергеу амалдарын бастады.

ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі қант бағасының көтерілуі фактісі бойынша ірі қант жеткізушілер мен өндірушілерге қатысты тергеу амалдарын бастады

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында азық-түлік тауарларының ағымдағы жағдайы туралы баяндама жасаған аталған агенттіктің басшысы Ғабидолла Әбдрахимов мәлім етті.

«Толықтай алғанда ел аумағында қант бағасы 11 пайызға көтерілді. Бөлшек нарық қатысушыларының атап өтуінше, оған оның көтерме бағасының артуы себеп болған. Өз кезегінде қанттың ірі жеткізушілері мен өндірушілері  бұл өзгерістерді Ресейдегі қант бағасының өсімімен байланыстырып отыр»,-  деді ол.

Оның атап өтуінше, қант бағасының қаңтар-наурыз айларындағы ең жоғары өсімі Астана, Ақтөбе, Өскемен, Көкшетау, Қарағанды, Шымкент, Алматы қалаларында тіркелген.

«Осыған орай қазіргі уақытта агенттік тарапынан қант бағасының көтерілуі фактісі бойынша ірі қант жеткізушілер мен өндірушілерге қатысты тергеу амалдары басталды», - деді Ғ.Әбрахимов.

Бұл орайда ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко өз қарамағындағы тұрақтандыру қорында 21924 тонна қанттың бар екендігін айта келе: «бағасы нарықтағы қарағанда айтарлықтай төмен. Біз оны бастапқы бағамен сата аламыз. Ал Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары қаржыны бюджетке қайтарады», - деді. Аталған бастамаға қолдау білдірген Үкімет басшысы К.Мәсімов бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіруді бірінші орынбасары Серік Ахметовке жүктеді. «Рұқсат беремін. Серік Нығметұлы осы бағытта жұмыс істеңіз, шешім қабылдаймыз», - деді Премьер-Министр.