ҚР Байланыс және ақпарат министрінің төрағалығымен ел аумағында телерадиохабарларды таратуды дамыту мәселесіне арналған комиссия отырысы өтті
Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады. ҚР Үкіметінің бекіткен ережесіне сәйкес, конкурста жеңіп шыққан отандық теле-радиоарналар өз хабарларын республикалық бюджет есебінен тарату мүмкіндігіне ие болады. Хабар таратуды жарғылық капиталы 100 пайыз мемлекеттің қатысуымен байланыс операторы жүзеге асырады. Тізімге енетін арналарды Қазақстан Республикасында телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселесі бойынша ҚР Үкіметі құрған комиссия анықтайды. Аталған комиссия құрамына ҚР Парламентінің депутаттары мен мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енген. Байқауға қатысушы теле- радиоарналар өз өтінімдерімен бірге, техникалық және шығармашылық мүмкіндіктері туралы деректер берді. Атап айтқанда - өз бағдарламалары мен сатып алынатын бағдарламалардың арасалмағы, тілдік тепе-теңдік, сондай-ақ, аппараттық-студиялық кешеннің техникалық жағдайы туралы. Әр түрлі тақырыптағы бағдарламалар да ұсынылды: ақпараттық, сараптамалық, публицистикалық, жастар мен балаларға арналған, музыкалық, көркем және деректі фильмдер және тағы басқалар. Комиссия отырысы барысында сондай-ақ, «Қазтелерадио»АҚ-ның Басқарма төрағасы Абай Қадыралиевтің Қазақстан аумағында спутниктік сандық хабар таратуды енгізуге қатысты баяндамасы тыңдалды. Естеріңізге салайық, Ұлттық спутниктік телерадиотаратудың сандық жүйесі биылғы жылдың 18 қаңтарында іске қосылды. Жоба Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша және Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сай жүзеге асырылуда. Оның басты алғышарты шалғайдағы елді-мекендерде ақпараттық теңсіздік деңгейін төмендетуге бағытталған. |