ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі тегін хостинг алатын алғашқы алты қазақстандық сайтты жариялады
АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Гүлнара Жандағұлова/ - Бүгін Алматыдағы Қазнетті дамыту туралы өткен кеңесте ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев тегін хостингке ие болған алғашқы алты қазақстандық сайтты жариялады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Өз сөзінде Асқар Жұмағалиев Ғаламтор желісіндегі қазақстандық сегменттің дамуы үшін аталмыш кездесудің маңызын атап өтті. Министрдің айтуынша, «дәл қазір осы саланың мақсатты даму кезеңінде тұрғандығынан және бизнес-орта үшін коммерциялық жағынан тартымды болып отырғандықтан, қазіргі таңда Қазнеттің дамуы - министрлік қызметінің басым бағыттарының бірі болып отыр».
Кездесу барысында қазақстандық сайттарды қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаның есебі таныстырылды. Аталмыш бағдарламаның мақсаты - тегін VPS (жеке виртуалды сервер) хостинг қызметін ұсына отырып, қазақстандық сайттардың иелеріне қолдау көрсету. Сондай-ақ кездесу барысында бағдарламаға қатысу үшін белгіленген талаптарға сай ресурстар шақырылатыны айтылды. Олар: доменді зона (kz), сайттың тілі (орыс, қазақ, ағылшын), контент, жұмыс уақыты (үш айдан кем емес), статистика (сайтты айына 6000-нен кем емес кіру). Осымен қоса, қатысуға компаниялардың визитка-сайттары, үшінші тұлға тарапынан инвестиция алып отырған Интернет-дүкендер мен ресурстар жіберілмейтіндігі айтылды.
Асқар Жұмағалиев мемлекеттік қолдауға ие болған алғашқы алты сайтты атап өтті, олар: minber.kz, comport.kz, kzmz.kz, mama.kz, night.kz, uchi.kz және олардың авторлары мен иелеріне тегін хостинг пайдаланудың сертификатын тапсырды.