ҚР БҒМ аймақтарды экономиканың сұранысына сәйкес білікті мамандармен қамтамасыз ету жолын айқындады
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасын іске асыру қорытындыларымен таныстырған аталған ведомство басшысы Бақытжан Жұмағұлов айтты.
«Біз Қазақстан-2050 стратегиясында қойылған жаңа міндеттерді орындауды бастадық. Атап айтқанда, аймақтарды экономиканың сұранысына сәйкес білікті мамандармен қамтамасыз ету», - деді ол.
Осы ретте Б.Жұмағұлов бұл мәселені шешудегі министрлік межелеп отырған бағытты нақты атап өтті. Оның айтуынша, Өңірлік даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жыл сайын аймақтың мамандарға сұранысы бойынша мақсатты өтінім (заявка) жасайды. Ал Білім және ғылым министрлігі оларды аймақтарына қайтара отырып, бағдарламалық-мақсатты даярлауды үйлестіреді.
«Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі мен Өңірлік даму министрлігі арасында меморандум жасауды орынды деп есептейміз», - деді ведомство басшысы.