ҚР БҒМ қазақстандық жастарды теориялық білімін тәжірибеде пайдалануға машықтандырмақ
АСТАНА. 10 тамыз. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігі қазақстандық жастарды теориялық білімін тәжірибеде пайдалануға машықтандырмақ.
Бұл туралы бүгін Қазақстандағы шетелдік студенттер ұйымының 1-ші слеті барысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков мәлім етті.
Оның атап өтуінше, осы мақсаттар үшін жастардың функционалды сауаттылығын қалыптастыру бойынша ұлттық іс-қимыл жоспары әзірленген. «Біздің барлық шетелдік зерттеулеріміз жастарымыздың барынша мол теориялық білімге ие бола отырып, кей кезде оны нақты өмірілік тәжірибелік жағдайларға пайдалануда қиындыққа душар болатындығын көрсетті. Яғни, оларда функионалды сауаттылық факторын қалыптастыру туралы сөз болып отыр. Сондықтан да бізде осындай жоспар қабылданды», - деді ол.
Сонымен қатар М.Сарыбековтің атап өтуінше, функционалды сауаттылықты қалыптастырудың ұлттық іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 2013-2016 жылдарға арналған қаржы да қазіргі уақытта бөлінген. Бұдан бөлек, министрлік жастардың тәрбиесіне қатысты құжат қабылдаған. «Министрлік оқушылардың тәрбиелік құрамдас бөлігін күшейту бойынша да кешенді жоспар әзірледі», - деді вице-министр.