ҚР биатлон құрамасын танымал ресейлік бапкер жаттықтыратын болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстанның биатлоннан ұлттық құрамасын жаттықтыратын жаңа бапкер-кеңесші таныстырылды. Ол - ресейлік танымал маман Валерий Польховский.
None
None

Штаттық ұлттық командалар мен спорттық резерв дирекциясында ҚР Биатлон федерациясы мен Валерий Польховский арасында келісімшартқа қол қою рәсімі өтті.

«Мен үшін бұл жаңа асу болмақ. Мен кеңестік және ресейлік биатлонда ұзақ уақыт қызмет етіп келдім. Маған Қазақстанның биатлон федерациясынан ұсыныс келгенде, әрине, шешім қабылдау оңай болмады, біраз уақыт ойландым. Біз Қазақстан федерациясымен бірге биатлондағы ұзақмерзімді жоспарлар жайында көп талқылаулар жүргіздік. Біздің алдымызға қойылып отырған міндеттер өте жоғары - ұлттық құраманың көрсеткіштерін едәуір арттырып, қазақ спортшыларының халықаралық аренадағы жетістіктерін жақсарту», - деп атап өтті ресейлік бапкер.

Валерий Польховский - Ресей Федерациясының еңбек сіңірген бапкері. 1953 жылы 11 тамызда Чулым қаласында дүниеге келген. Қазіргі уақытта жетістіктерге ең көп қол жеткізген бапкер ретінде танымал. 1989-1992 жылдары Қытайда қызмет істеді. Кейін Ресей құрамасы аға бапкерінің көмекшісі, 2001-2007 жылдары Ресейдің биатлоннан әйелдер құрамасының аға бапкері болды. 2010 жылы Ресейдің биатлоннан резервтік құрамасын жаттықтырды.

Қазіргі уақытта Қазақстанның биатлон құрамасына 2018 жылғы Оңтүстік Кореяда өтетін олимпиадаға жолдамалар ұту және 2017 жылы Жапонияда болатын Азия ойындарында жоғары жетістіктер көрсету міндеттері қойылып отыр.

Соңғы жаңалықтар