ҚР Білім және ғылым министрі 50-ші Халықаралық математикалық олимпиаданың жеңімпаздарын құттықтады
АСТАНА. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев биыл Германияда өткен 50-ші Халықаралық математикалық олимпиаданың жеңімпаздарын құттықтады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Халықаралық математикалық олимпиада - бұл математикадан жоғары сынып оқушылары арасында жыл сайын елдердің бірінде өткізілетін әлем чемпионаты. Міне, биылғы олимпиадаға әлемнің 104 елінен 565 оқушы қатысты. Білім сайысында Қазақстан намысын 6 мектеп оқушысы қорғап, 3-уі күміс, 3-уі қола медалін жеңіп алды. Олимпиадаға қатысушы 104 елдің арасында Қазақстан 27-ші орынға ие болды», - деді министр.
Сонымен қатар, білім және ғылым ведомствосының басшысы келесі жылы ТМД елдерінің арасында алғаш рет 51-ші Халықаралық математикалық олимпиада Қазақстан Республикасында өтетіндігін атап өтті. «2010 жылы Астанада өтетін Халықаралық математикалық олимпиадаға әлемнің 110 елінен шамамен 600-ге жуық мектеп оқушысы қатысады деп күтілуде», - деді Ж.Түймебаев.
Бірінші Халықаралық математикалық олимпиада 1959 жылы Румынияда өтті. 1992 жылы Қазақстан олимпиадаға бақылаушы ел ретінде катысса, ал 1993 жылдан бастап толық құқықты мүшесі болып табылады. Халықаралық математикалық олимпиадаларға қатысқалы бері қазақстандық мектеп оқушылары 62 медаль жеңіп алды. Олардың 8-і алтын, 17-сі күміс, 37-сі қола. 2009 жылы Қазақстан құрама командасына Талдықорган қаласындағы №20 дарынды балаларға арналған лицейдің 10-ші сынып оқушысы - Қанат Сатылханов, Павлодар қаласындағы №8 мектеп-лицейдің түлегі - Егор Клочков, Талдықорған қаласындағы №20 дарынды балаларға арналған лицейдің 10-ші сынып оқушысы - Нұрсұлтан Қажымұратов, Алматы қаласындағы О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінің түлектері - Төлеби Сайлауов пен Біржан Молдағалиев, Ақтөбе қаласындағы қазақ-түрік лицейінен - Санжар Оразбаев кірді.
«Мұндай олимпиадаларда тапсырмалар өте қиын болады. Дегенмен, біз дайындалдық, жүлделі орындар алуға тырыстық. Біздің осы олимпиададағы нәтижелеріміз жақсы деп ойлаймын. Әрине, біз осы жетістіктерімізбен тоқтап қалмаймыз. Одан сайын жақсы дайындалып, келесі олимпиадаларда бұдан да жоғары орындарға ие болуға бар күш-жігерімізді саламыз», - деді күміс медальдің иегері Нұрсұлтан Қажымұратов.