ҚР Білім және ғылым министрі Қазақ ұлттық агроуниверситетінің 80 жылдық мерейтойы шараларына қатысты
ЛМАТЫ. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов және Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов өзінің 80-жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан Қазақ ұлттық аграрлық университетінде болды, деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Олар мерейтой бағдарламасы шеңберінде Қазақстан-Жапон инновациялық орталығының қызметімен танысып, тамақ және экологиялық қауіпсіздік зертханасында, сондай-ақ «электрондық микроскопия» инженерлік зертханасында болды. Орталық қызметкерлері зертхана жабдықтарының мүмкіндіктерін көрсетіп, сондай-ақ биотехнология мен нанотехнологияның басым бағыттары бойынша жүзеге асырылатын бағдарламалар мен жобалар туралы айтып берді.
Содан кейін Жапонияның, Голландияның, Германияның, Польшаның және Қазақстанның 10 облысының ғылыми орталықтарының жетекші мамандары қатысқан он-лайн желісіндегі конференция өткізілді.
Қонақтар еліміздің аграрлық секторындағы ғылыми жетістіктерінің нәтижелерін баяндайтын инновациялық көрмені аралап көрді, ол әзірлемелерді дайындауға ҚҰАУ-дың ғалымдары белсене қатысқан.
Бас корпустың алдындағы алаңда қонақтар университет студенттерімен кездесті.
Еліміздің білім ведомствосының басшысы алыс және жақын шетелдердегі жоғары оқу орындарының ректорларымен бірге Қазақ Ұлттық аграрлық университеті Ғылыми кеңесінің мерекелік мәжілісіне қатысты. Ол Республика Президенті Н.А.Назарбаевтың құттықтау хатын оқып беріп, еліміздің тарихы бай жоғары оқу орнына табыс, студент-жастарға терең білім, туған жерге деген сүйіспеншілік тіледі.