ҚР Білім және ғылым министрі Мемлекет тарихы инстиутының ғалымдарымен кездесті

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Мемлекет тарихы институтында болды. Министр қызметкерлердің жұмыс жағдайымен, ғылыми жұмысының жоспарымен танысты, деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

ҚР Білім және ғылым министрі Мемлекет тарихы инстиутының ғалымдарымен кездесті

Б.Жұмағұлов институттың мәжіліс залында ғалымдармен кеңес өткізді. Жиналыс барысында министр институттың әр бөлім басшыларына сұрақ қойып, олардың атқарып жатқан жұмыстарымен танысып, толығырақ ақпарат алды.

Кездесу барысында Институт директоры профессор Б. Аяған іргелі зерттеулер аясында жүзеге асырылған жобалар туралы айтып берді.

Ғалымдар алдында министр өз сөзінде, институтта ғалымдардың толыққанды жұмыс істеуі үшін жақсы жағдайлар жасалған деді. Институттың материалдық-техникалық базасы соңғы үлгідегі компьютер техникасымен, кең де жарық кабинеттермен жабдықталған. Мемлекет тарихы институты Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен ашылғанын атап өтті.

Одан әрі институттың ғылыми жұмыс істеу бағытын талдай келе, министр өз ойымен бөлісті.

- Институт Қазақстанды әлемге паш ететін шығармалар өндіріп, сонымен қатар әлем мемлекеттерінің Қазақстанға деген көзқарастары мен жасаған сараптамаларын терең зерттей білуі керек.

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің «Мемлекет тарихы институты» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 5 мамырдағы № 416 қаулысымен құрылды. Институт директоры қызметіне тарих ғылымдарының докторы, профессор Б. Аяған тағайындалды.

Қазіргі уақытта институтта 45 қызметкер еңбек етеді. Соның ішінде 37 ғылыми қызметкерлер, 7 ғылым докторы, 7 ғылым кандидаты бар.

Институт құрылған кезден бастап ғалымдардың ғылыми және қоғамдық-саяси тақырыптарға арналған 26 көлемді еңбектері дайындалып, 2009 жылы ─ 15, үстіміздегі жылы─ 11 кітап жарыққа шықты.

Институт қызметінің басымды бағыттарының бірі халықаралық ынтымақтастықты орнату және нығайту болып табылады. Атап айтқанда, институт М.В. Ломоносов атындағы ММУ тарих факультетімен, Башқұртстан Ғылым академиясымен және алыс-жақын шетелдердің ғылыми орталықтарымен келісім-шарт жасасты. Институт ғалымдарының мақалалары «Исторический архив», «Вопросы истории», «Родина» және т.б. шетелдік ғылыми басылымдарда жарияланып тұрады.

2009 жылы институт ұжымы АҚШ, Ресей, Түркия, Франция ғалымдарымен, оның ішінде Колумбия университетінің жанындағы Гарриман институтының профессоры Р. Абазовпен, РҒА Сібір бөлімшесінің археология және этнография институтының этнография бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, И.В. Октябрьскаямен және Магнитогор мемлекеттік университеті археология және этнография зертханасы жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доценті И.Р. Атнагуловпен, Ыстамбұлдағы Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы (Түркия) Әбдулақап Қарамен, француз тарихшысы, тарих ғылымының докторы Пьер Ле Веллероммен кездесу өткізді.

2010 жылдың мамыр айында институт ғалымдары Халықаралық еуразиялық конгресс пен ТМД елдерінің тарихшылар форумын ұйымдастырға белсенділікпен қатысты.

Институт жанынан 07.00.02-Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы), 07.00.09-Тарихнама, деректану және тарихи зерттеу әдістері мамандықтары бойынша докторлық ғылыми дәрежесін қорғататын Біріккен диссертациялық кеңес ашылды.

Қазіргі Қазақстан тарихының өзекті мәселелері ғалымдардың еңбектерінде, республикалық журналдар мен газет беттерінде көрініс табуда. Сондай-ақ, институтта атқарылып жатқан осындай жақсы істердің барлығын қоғаммен таныстыру мақсатында, радио мен телеарналармен де жақсы қарым-қатынас орнатылған

Институттың шағын баспаханасында «Тарих және саясат» атты қазақ, орыс тілдеріндегі ай сайынғы газет, «Мемлекет тарихы» атты ғылыми журнал шығарылып және интернеттегі www. memti. kz сайтында институттың жаңалықтары туралы молынан хабарлар беріліп тұрады.

Кездесу соңында Институт директоры Бүркітбай Ғылманұлы ғалымдардың еңбектерін сый ретінде министрге табыс етті. Министр өз ризашылығын білдіріп, институт ұжымына шығармашылық табыс тіледі.