ҚР Білім және ғылым министрі Нашақорлыққа қарсы күштердің ІІ халықаралық семинар-форумына қатысушылармен кездесті

Еске сала кетейік, Нашақорлыққа қарсы күштердің ІІ халықаралық семинар-форумы ҚР БҒМ-ның қолдауымен және «Салауатты Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен үстіміздегі тамыз айының 16-сы күні, Ақмола облысындағы Бурабай курорттық аймағында басталды. Оған Қазақстанмен қатар, Ресей, Беларус, Кипр және Литва мемлекеттерінің педагогтары, арнайы және мектеп психологтары, әлеуметтік қызметкерлер, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар мен инспекциялардың өкілдері, Жоғарғы сот пен салауатты өмір орталықтарының есірткімен күрес жөніндегі қызметкерлері, қоғамдық бірлестіктердің басшылары, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысуда. Шара тамыздың 20-сына дейін жалғасады.
Кездесу барысында министр, жас ұрпақтың денсаулығына назар аудару және жастар ортасында нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ ТМД елдері үшін де өте маңызды екендігін атап өтті.
«Қазақстан Республикасы Еуразиялық кеңістіктің басым бөлігін алып жатыр. Біз де соңғы 10 жылда аталмыш проблемамен бетпе-бет келдік. Ауғанстаннан келетін есірткілер Қазақстан аумағы арқылы тасымалдана бастады. Ауғандық арзан апиын мен героин біздің заңсыз нарықта әлі де үстемдік етуде», - деді Ж.Түймебаев.
Ж.Түймебаевтың айтуынша, Қазақстан аумағы арқылы ауыр есірткі заттарының тасымалдануы салдарынан ел ішінде есірткіге тәуелділердің де саны артып отыр. Дегенмен, кешенді іс-шаралардың нәтижесінде заңсыз есірткі бизнесін ауыздықтау көрсеткіштері жылдан жылға артып келеді. Мәселен, ағымдағы жылы республика бойынша тәркіленген героинның көлемі өткен жылмен салыстырғанда 86 пайызға артты.
Айта кетейік, бүгінде ҚР Парламенті есірткіні бақылау бойынша БҰҰ-ның барлық негізгі конвенцияларын ратификациялады. Есірткінің заңсыз айналымын реттейтін және есірткіге тәуелді тұлғаларды медициналық-әлеуметтік оңалту заңдары қабылданды. Сонымен бірге, қолданыстағы заңнамаларға контрабанда мен есірткі саудасымен айналысқандарға жауапкершілікті күшейту бойынша заңға тиісті өзгертулер енгізілді.