ҚР-да 5 адам өрт құрбаны болды - ҚР ТЖМ

Жұма, 24 ақпан күні Ақмола облысының Зеренді кентінде Ленин көшесінде орналасқан бір қабатты жекеменшік дүкен өртене бастады. Жалын 6 шаршы метрді шарпыды. Оқиға орнында 51 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Өртті сөндіруге ҚР ТЖМ-нің Ақмола облысы бойынша ТЖД өрт сөндіру қызметі жеке құрамының 8 адамы мен 2 бірлік техникасы жұмылдырылды.
24 ақпан күні Батыс Қазақстан облысының Достық кентіндегі Пионер көшесінде орналасқан 3 пәтерлі жеке тұрғын үйде өрт болды. Өрт аумағы 30 шаршы метрді құрады. Оқиға орнында 45 жастағы әйелдің мәйіті табылды, күйіп қалған 52 жастағы ер адам ауруханаға жеткізілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға ҚР ТЖМ-нің Батыс Қазақстан облысы бойынша ТЖД өрт сөндіру қызметі жеке құрамының 12 адамы мен 4 бірлік техникасы жұмылдырылды.
Сол күні Қарағандыдағы Поселковая көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйден өрт шықты. Өрт аумағы 20 шаршы метрді құраған. Оқиға орнынан 54 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Өрт ҚР ТЖМ-нің Қарағанды облысындағы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметі жеке құрамының 9 адамы мен 2 бірлік техникасы көмегімен өшірілді.
Қостанай қаласында 24 ақпан күні Садовая көшесінде орналасқан 6 қабатты тұрғын үйдің пәтерінде өрт болды. Өрт аумағы 3 шаршы метрді құраған. Оқиға орнында есімі анықталмаған ер адамның мәйіті табылды. Өртті сөндіруге ҚР ТЖМ-нің Қостанай облысы бойынша ТЖД өрт сөндіру қызметі жеке құрамының 9 адамы мен 2 бірлік техникасы қатысты.