ҚР-да Мемлекеттік қызметті жетілдіру мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды
АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР-да Мемлекеттік қызметті жетілдіру мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды, деп хабарлады ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметі.
2011 жылғы 1 қыркүйектен бастап ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменовтің ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанында Мемлекеттік қызметті жетілдіру мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес құру туралы бұйрығы күшіне енді.
Бұл кеңес ҚР Мемлекеттік қызметі жаңа моделінің тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Агенттіктің және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қызметін ғылыми және талдамалық сүйемелдеу үшін құрылған. Сараптамалық кеңес Агенттік жанындағы консультациялық кеңесші орган болып табылады және өз қызметін қоғамдық бастама негізінде жүзеге асырады. Кеңестің құрамы мемлекеттік қызмет саласындағы зерттеу жұмыстарымен айналысатын мемлекеттік органдар өкілдерінен, ғылыми-зерттеу және өзге де ұйымдар сарапшыларынан құрылады.
Сараптамалық кеңес туралы толық ақпарат ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің www.kyzmet.kz ресми веб-сайтында орналасқан.