ҚР-да жел күшейіп, боран соғады, жолдарда көктайғақ пайда болады - 24 қарашаға арналған ауа райы болжамы
АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат - ҚР-ның басым бөлігінде атмосфералық ағымдардың өтуіне байланысты 24 қарашада тұрақсыз ауа райы сақталады, кейбір жерлерде бұрқасын болып, жел күшейеді, жолдарда көктайғақ пайда болады.
Қазақстанның батыс және оңтүстік бөліктері ғана антициклон ықпалында болады, мұнда жауын-шашынсыз ауа райы күтілуде, деп хабарлайды ТЖМ-нің баспасөз қызметі Қазгидрометке сілтеме жасай отырып.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар аймақтарында көктайғақ болып, 15-20 м/с дейін жылдамдықпен жел соғуы, бұрқасын болуы ықтимал.
Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде бұрқасын болып, 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғуы, Қостанай, Қарағанды облыстарының жекелеген аудандарында түнде тұман түсуі мүмкін.
Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында, түнде Алматы, Атырау облыстарының бірқатар аймақтарында тұман түседі, Жамбыл облысында түнде кей жерлерде желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін жетеді.
Алдағы үш тәулікте Қазақстанның солтүстік, солтүстік-шығыс, орталық, шығыс бөліктерінде және оңтүстік-шығысының жекелеген өзендерінде мұз қату жалғасады, осыған байланысты республиканың оңтүстік-шығыс және шығысындағы жекелеген өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін.
Шардара су қоймасынан толқындардың таралуы есебінен Сырдария өзенінің Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы аумағында су деңгейінің көтерілуі ықтимал.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Астана және Ақмола облысында боранға байланысты ескерту жарияланған болатын, 23-25 қараша күндері бұрқасын, желдің 15-20 м/с жылдамдықпен соғуы ықтимал.