ҚР-дағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Сарапшылық кеңестің отырысы өтті
АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Сарапшылық кеңестің отырысы өтті.
Бұл туралы омбудсменнің баспасөз қызметінен хабарлады.
Отырыс барысында «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» ҚР Заңының жобасы талқыланып, оған Ішкі істер министрлігінің өкілдері қатысты. Іс-шарада заң жобасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру ұсыныстары айтылды.
Айтылған пікірлерді жинақтап, оның қорытындыларын Парламент Мәжілісінің тиісті Жұмыс тобына жолдау туралы шешім қабылданды.
Кеңес мүшелері сондай-ақ, зейнетақы заңнамасын жаңғырту, оның ішінде әйелдердің зейнет жасын арттыру және Бірынғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру мәселелері талқыланды.
Сарапшылық кеңес мүшелерінің назарына Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiнің алдын алуға бағытталған ұлттық алдын алу тетiгiн жасау мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» ҚР Заңы жобасының талқылану барысы туралы ақпарат жеткізілді.