ҚР-дағы Омбудсмен жанындағы Сарапшылық кеңестің 2013 жылғы басымдықтары айқындалды
АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (Омбудсмен) жанындағы Сарапшылық кеңестің отырысы өтті.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының баспасөз қызметінен хабарланғандай, отырыс барысында қазақстандық Омбудсмен жанында Әлеуметтік және еңбек салаларын мониторингілеу жөніндегі жұмыс тобын құру мақсатында еңбек және әлеуметтік қатынастар саласында құқықтарды қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ «Мемлекеттік қызметтер туралы» ҚР Заңының жобасы қаралды. Омбудсменнің тәжірибесі көрсеткендей, дәл осы мемлекеттік қызметтерді лайықсыз деңгейде көрсету адам құқықтарының жиі бұзылу себептерінің бірі. Осы мәселеге ұлттық құқық қорғау мекемесінің көңіл аударуы да сондықтан.
Талқылау барысында қоғамдық мониторингке, мемлекеттік қызмет көрсетуге қолжетімділікке қатысты заң жобасындағы нормалар бойынша пікірлер айтылды. Айтылған ұсыныстарды талдап, Парламент Мәжілісінің тиісті Жұмыс тобына жолдау шешімі қабылданды.
Отырыс нәтижесінде Мемлекет басшысының бағдарламалық нұсқаулары және 2010-2020 жылдарға арналған ҚР Құқықтық саясат тұжырымдамасы шеңберінде Сарапшылық кеңестің 2013 жылғы жұмысының басымдықты бағыттары анықталды.