ҚР дамыған 30 ел қатарына ЖІӨ бойынша ғана емес, азаматтар табысының деңгейі мен халықтың өмір сүру сапасы бойынша да кіреді - Е.Досаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі бойынша ғана емес, сонымен қатар өндіруші және тұрақты экономикасы бар азаматтар табысының деңгейі мен халықтың өмір сүру сапасы бойынша да кіреді. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев осылай мәлім етті.
«Қазақстанның әлемнің ең дамыған елдері тобына кіруін межелеу үшін 2050 жылға дейінгі тиімділіктің негізгі көрсеткіштері айқындалды. Мәселен, экономикалық даму саласында, жалпы ішкі өнімнің орташа өсу қарқыны 4,3% болғанда, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімінің нысаналы мәнін 60 мың АҚШ долларына жеткізу қажет. Жалпы ішкі өнім құрылымындағы мұнай емес экспорт үлесін 32-ден 70%-ға дейін жеткізу керек», - деді министр Е. Досаев.
Оның айтуынша, межеленген кезеңде еңбек өнімділігі 5 есе ұлғаюы тиіс.