ҚР делегациясы ТМД денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңес отырысына қатысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін қазақстандық делегация ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі Салидат Қайырбекованың басшылығымен Беларусь Республикасында өткен ТМД денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Кеңестің XXV отырысына қатысты.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шара барысында отырысқа қатысушылар сусамырдың алдын алу және оны емдеу жөніндегі ТМД елдері ынтымақтастығының 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасының жобалары; ЖИТС/АҚТВ дерттерімен күрес ісіне бейілділік туралы ТМД денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңес декларациясы; «Ерлердің репродукциялық денсаулығы мен әлеуметтік ұзақ өмір сүруі» мемлекетаралық бағдарламасының жобасын және Достастыққа қатысушы мемлекеттердің еңбек мигранттары арасында жыныстық қатынас арқылы жұғатын ЖИТС/АҚТВ инфекциясының алдын алу жүйесі және т.б. талқылады.
Еске сала кетсек, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңес ТМД аясындағы салалық ынтымақтастықтың бұрыннан келе жатқан органдарының бірі болып табылады. Ол 1992 жылы маусымда құрылған. Оның құрамына Қазақстан, Беларусь, Ресей, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Украинаның денсаулық сақтау министрлері мен бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлері кіреді.