ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Алматыдағы бірқатар медициналық мекемелерді аралады

АЛМАТЫ. 2 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа кеңесінің отырысынан соң оңтүстік Астананың бірқатар медициналық мекемелерін аралап, көріп шықты.
None
None

Атап айтқанда, Денсаулық министрі алдымен Балалар хосписінде, одан кейін Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында болды.  Онда министр мекемелердің тыныс-тіршілігімен танысып, нысандардың барлық бөлімшелерін аралап, орталықтың қызметкерлерімен және ондағы емделушілермен әңгімелесті. 

Естеріңізге сала кетейік, онкологиялық аурулармен ауыратын балаларға арналған алғашқы балалар хосписі Алматыда өткен жылы мамыр айында қатерлі ауруға (ісікке) шалдыққан балалардың хәлін сәл де болса жақсарту, балаға және олардың ата-анасына медициналық, психологиялық көмек беру мақсатында ашылған болатын. Мұнда балалар тегін емделеді.

Аталмыш хоспистің ашылуына мұрындық болған  "Саламатты Азия" қоғамдық қорының президенті Нағима Плохих ведомства басшысымен кездесу барысында мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының аздығын айтты. Өз кезегінде  Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова бұл мәселенің шешілетіндігін жеткізді.

Нағима Плохих айтуынша, жылына елімізде 500-ге жуық бала қатерлі ісік ауруларына шалдығады екен. "Бүгінгі таңда 7000-дай бала осындай аурулармен есепте тұр. Алматы қаласының өзінде 30-ға жуық бала тіркелген. Қатерлі ісікпен ауырған балалардың 60-70 пайызы аурудың үшінші-төртінші өсу сатысында анықталады, бұл уақыт ісіктің денеге жайылып, тарап, онымен күресуге медицинаның күші келмейтін кез. Мұндай науқастарға қарау ата-анаға түсетін үлкен ауыртпалық екені айтпаса да түсінікті. Біздің мекеме балалар мен олардың ата-аналарына мұндай қиын-қыстау кезеңде көмек беру мақсатында арнайы ашылған",-дейді ол.  

Ал, екінші нысан - Алматы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы осыдан  үш ай бұрын, 2011 жылы қараша айында «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған болатын. Аз уақат ішінде мұнда туа бітті жүрек ақауы бар 60-тан аса нәрестеге ота жасалынған және операциялардың барлығы сәтті өткен.  Орталық 150 орынға арналған, заман талабына сай, ең озық технологиялармен жабдықталған. Ол жүректерінде ақауы бар болашақ аналарға арналған ең алғашқы перзентхана болып табылады. Орталыққа Алматы қаласы мен еліміздің барлық өңірлерінен аталмыш диагноз қойылған жүкті әйелдер жатқызылады. Бала туылғаннан кейiн дәл осы жерде оның жүрегіне "хирургиялық түзеу" жасалады.  Орталықтың ерекшелігі де осында -  туа біткен жүрек ақауы бар нәрестелерге дер кезінде ем көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар