ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен министрлік жанынан науқастардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес құрылды
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада айтылғандай, жұмыс тобы денсаулық сақтау саласына қатысты веб-порталға, сенім телефонына келіп түскен, БАҚ-да жарияланған жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдары бойынша жүргізілген тексерістердің аралық нәтижелерін қарастырды. Жұмыс тобының құрамына министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері, сондай-ақ «Астана қаласы тәуелсіз сарапшыларының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі, Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіптік одағы, «Қазақстан дәрігерлері мен провизорларының қауымдастығы» РҚБ, «Аман-саулық» қоғамдық қоры сияқты үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, «Время» газетінің тілшісі В. Бурдин кірді.
Келіп түскен хабарламалардың (205) басым бөлігін, яғни 75 пайызын - жергілікті атқарушы органдардың, 25 пайызын - орталық құзырлы органға қатысты сұрақтар құрады.
Денсаулық сақтау министрлігі арыз-шағымдарда көрсетілген фактілерді тексеру мақсатында жоспардан тыс 34 тексеріс жүргізуде.
Денсаулық сақтау министрлігінің және Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің барлық аумақтық бөлімшелерінде сенім телефондары қалыпты жағдайда жұмыс істеуде.
Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекованың бұйрығымен министрлік жанынан науқастардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес құрылды. Аталған Кеңес пациенттердің құқықтарын қорғау және денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу міндетін жүзеге асыратын болады.
Жұмыс комиссиясының отырысына ҚР Парламенті Сенатының депутаты С.А. Аяғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары М.А.Айсина., Г.Е.Исимбаева («Нұр Отан» ХДП жанындағы Мемлекеттік қызметтер мен рұқсат беру құжаттарының сапасы мен қолжетімдігін бақылау және мониторинг жасау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшесі), «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП» ЗТҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Е.С. Никитинская, республикалық және жеке меншік медициналық ұйымдардың жетекшілері, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың төрағалары, сондай-ақ министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Мұндай қоғамдық кеңестер облыстар, Астана және Алматы қалалары денсаулық сақтау басқармаларының жанынан да құрылады. Министрліктің Қоғамдық кеңесі азаматтардың арыз-шағымдарын қарау бойынша жұмыс қорытындыларын тоқсан сайын тыңдап отырады.