ҚР Денсаулық сақтау министрлігі авиажолаушылардың температурасын тікелей бортта өлшеуді ұсынады
АСТАНА. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев A(H1N1) тұмауының белгілерін анықтау үшін шет елдерден келе жатқан ұшақтардың бортында термометрия жүргізуді ұсынады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тікелей ұшақтың бортында жұмысты бастау қажет. Өйткені баланың денесінің ыстығы сәл-сәл ғана яғни 37,1 градус көтерілсе, тепловизор мұны ұстай алмайды. Сондықтан термометрияны ұшақтың бортында жасау қажет. Бұл үшін біздерде лазерлік термометрлер бар және олардың санын арттыруға болады», - деді министр доңыз тұмауы бойынша республикалық кеңесте.
Бұл орайда мұның 10 минөттен артық уақыт алмайтынын түсіндірді. «Есесіне біз ұшақ бортында кімнің сау, кімнің ауру екенін анық білетін боламыз», - деді Ж.Досқалиев.
«Егер жолаушының жай-күйі орташа ауыр немесе ауыр болатын болса - оны ауру анықталған жерде ауруханаға жатқызылуы тиіс», - деді ол.