ҚР Денсаулық сақтау министрлігі балаларды пневмококк инфекциясына қарсы вакцинациялауды енгізуде
АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес Ұлттық профилактикалық егулер күнтізбесіне балаларды пневмококк инфекциясына қарсы вакцинациялауды енгізуде, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
2010 жылғы 1 желтоқсаннан бастап балаларды пневмококк инфекциясына қарсы вакцинациялау республиканың екі өңірінде - Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында басталады, кейіннен басқа өңірлерде де балаларды вакцинациялау кезең-кезеңмен қамтылып, 2015 жылы жалпы республика бойынша жүргізіледі.
Екі өңір үшін пневмококктардың серотиптерінің неғұрлым кең спекторын қамтитын, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) сертификаттаған, сапасына кепілдік берілген пневмококк вакцинасы сатып алынды.
Балаларды пневмококк инфекциясына қарсы вакцинациялауға мемлекеттік бюджеттен 2010 жылдан бастап 2015 жыл кезеңінде 28 млрд. астам теңге бөлу жоспарланып отыр.
Қазіргі кезде сәби жастағы балалардың тыныс алу ағзаларының аурулары маңызды проблемаларының бірі болып табылады. Осы проблеманың өзектілігі жалпы аурулар санынан сәби жастағы балалардың тыныс алу ағзалары ауруларының үлес салмағының жоғары болуына, асқынулардың артуына, сондай-ақ қоздырғыштардың әртүрлі штаммдарының бактерияға қарсы препараттарға төзімділігінің артуына байланысты.
ДДҰ мәліметіне сәйкес, әлемде жыл сайын пневмококктан болатын аурулардан 1,6 млн. астам адам қайтыс болады, оның ішінде 0.7-1 млн. - 5 жасқа толмаған балалар.
Қазақстан Республикасында туғаннан бастап 14 жасқа дейінгі балалардың сырқаттанушылық құрылымында тыныс алу ағзаларының барлық ауруларының үлес салмағы 48,4%-ды құрайды. 5 жасқа дейінгі балалардың өлімі негізінен респираторлық (ЖРВИ, пневмония) және ішек инфекцияларымен байланысты болып отыр. Балалар өлімі себебінің құрылымында респираторлық инфекция 60%-дан астам орын алады. Бұл ретте баланың өліміне әдетте респираторлық вирустық-бактериологиялық инфекцияның өтуін асқындыратын пневмония тікелей себепші болып табылады.
Балаларды 2 айлығынан бастап пневмококк инфекциясына қарсы вакцинациялауды республиканың профилактикалық егулер күнтізбесіне енгізу 5 жасқа дейінгі балалардың пневмониямен сырқаттанушылығын 50 %-ға, өлімін 20 %-ға айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Пневмококк инфекциясына қарсы вакцинациялау әлемнің 50 дамыған елінде енгізілген (АҚШ, Германия, Бельгия, Франция, Ұлыбритания және т.б). ТМД елдері ішінде Қазақстан Ұлттық профилактикалық егулер күнтізбесіне пневмококк инфекциясына қарсы вакцинациялауды енгізген алғашқы ел болып табылады.
ДДҰ деректеріне сәйкес, АҚШ-та эпидемиологиялық зерттеулердің қорытындылары бойынша пневмококк инфекциясына қарсы вакцинацияны енгізгеннен кейін бір жылдан соң халықтың пневмониямен сырқаттанушылығы жалпы алғанда 32 %-ға, оның ішінде пневмококк этиологиясы 68 %-ға төмендегені анықталған.
ДДҰ позициясына сәйкес вакцинация - менингит, пневмония және отиттермен сырқаттанушылық деңгейіне айтарлықтай ықпал ететін жалғыз тәсіл.