ҚР Денсаулық сақтау министрлігі балаларға қауіпті ойыншықтар тізімін жариялады

Бас санитардың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда сапасыз ойыншықтар саны 0,4%-ға ғана азайған.
Биылғы ойыншықтардың 35,6%-ы техникалық регламент талаптарына сай келмейді, оның ішінде 4,7% оқиға физика-химиялық және токсикологиялық көрсеткіштер бойынша, қалған 95,3%-ы таңбалау ережелерін бұзған. Ойыншықтардың басым бөлігі Қытайда (65%), Ресейде, Беларусь пен Өзбекстанда, Қырғызстан мен Украинада (23%) жасалған. Қалған 12%-ында ойыншықтың қайда жасалғаны жазылмаған.
«Қытай өнеркәсібінен шыққан «Карапуз» көпфункциялы қуыршағы мен «ЛАВА» ойыншығы, Ресейдің «АЭЛИТА» пластмасса өңдеу зауыты шығарған «Весенняя прогулка» жинағы, «Огонек» зауыты шығарған «Лягушка с лягушатами» пластмасса ойыншығы мен Беларусь Республикасынан жеткізілетін «Циферка» ойыншығын сатып алуға кеңес бермейміз. Олардың құрамында рұқсат етілген көлемнен тыс формальдегид, фенол және стирол концентрациялары бар қауіпті токсикологиялық көрсеткіштер анықталды», - деді Жандарбек Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Жандарбек Бекшиннің айтуынша, сапасыз ойыншықтардың нарыққа шығуына бірден бір себебі - ұсақ саудагердердің ойыншықтарды еш бақылаусыз қол жүгімен әкелуі. Сондай-ақ, ол қауіпті ойыншықтарды әкелетін негізгі жеткізушінің - Қостанайдағы «Союз-игрушка» ЖШС екенін мәлімдеді.
7 ұйымға қатысты сотқа арыз түсірілген және сот шешімімен 2,5 млн теңгеден астам айыппұл салынған, 5 ұйымның қызметі уақытша тоқтатылған. Сондай-ақ, 1,5 тоннадан астам балалар ойыншығы айналымнан шығарылған.
Сонымен бірге, министрлік өкілі құқық бұзған ұйымдарды атап көрсетті. Олар - шығысқазақстандық Я.А. Курбатов және Е.Е. Хасенов жеке кәсіпкерліктері, алматылық «Адватос» ЖШС-ы, «Силк Вэй Экспресс» ЖШС-ы және «Интернэшнл Компани» ЖШС-лары.
Жандарбек Бекшин балалар ойыншығын сатушылардың көтерме жеткізушілерден сәйкестік сертификатын талап етуі қажеттігін атап өтті және сертификатталмаған өнімнің шекарадан өткізілмейтінін хабарлады.
«Сатушылар мен жеткізушілер үшін балалардың денсаулығы соңғы орында болып отыр. Сол себепті, мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруіміз қажет. Осыған байланысты Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті балалар ойыншығын шартты шығарылым режімімен кіргізуге тыйым салу бастамасын көтерді және заңдық негіздеме қабылдады. Енді кеден бекеттеріндегі ойыншықтар алдын ала сертификаттаудан кейін ғана өткізілетін болады», - деп түйіндеді Ж.Бекшин.
Еске сала кетсек, 12 желтоқсан күні ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында тәртіп бұзатын кәсіпкерлер мен олардың тауарлары туралы ақпаратты ашық жариялауды ұсынған еді.